Қазақстандық режиссер Аяна Нұрдинованың «Mūğalım» фильмі Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің New Directors байқау бағдарламасына іріктелді. 74-ші фестиваль Испанияда 2026 жылғы 18-26 қыркүйек аралығында өтеді.

Балқаштағы музыка мұғалімі

95 минуттық фильмнің басты кейіпкері — Балқашта тұратын музыка пәнінің мұғалімі Жандос. Ол үлкен қалаға көшуді армандайды. Туған қаласын сағынған меценат оған кетуге мүмкіндік ұсынғанда, Жандос өнердің өз ішіндегі орны мен өзінің өнердегі орнын таразылауға мәжбүр болады.

Бұл — Алматыда туған Аяна Нұрдинованың алғашқы толықметражды режиссерлік жұмысы. Бұған дейін ол кино саласында қоюшы суретші және режиссер ассистенті болып еңбек еткен. Басты рөлді Олжас Дәлелхан сомдайды.

Екі жүлдеге үміткер

New Directors бағдарламасына 13 елден 14 алғашқы және екінші толықметражды фильм таңдалды. Барлығы 50 мың еуролық Kutxabank-New Directors Award жүлдесіне таласады.

Фильмдерге 18-25 жас аралығындағы 150 студенттен құралған қазылар алқасы табыстайтын DAMA Youth Award жүлдесі де беріледі.